Главная » 2012 » Май » 22 » Нұрдәулет ШЕРТІМ: «Өз атым өзімнен де атақты болып кетті!»
12:13
Нұрдәулет ШЕРТІМ: «Өз атым өзімнен де атақты болып кетті!»
- Ресейге барған Қазақстанның Көңілді тапқырлар клубы жүлделі орынға ие болды дегенді естіп, жүрегіміз жарылардай қуандық. Бүкіл ТМД елдерінен келген КТК ойыншыларын жеңу оңайға соқпаған шығар?

-Осы жақында, біз Қазақстанның Астана қаласының атынан «Казахи - Астана» тобы болып, Ресейдің Мәскеу қаласындағы КТК-на қатысып қайттық. Топтың құрамында Нұрлан Қоянбаев, Шертім Нұрдәулет, Дастан Қалдыбаев, Айдарқұлов Дәурен, Қабатов Тұрсынбек, Ярослав Милехин, Нұржан Бейсенов, Сильбаева Гүлнар, Досжанов Ақылбек және т.б. мықты-мықты жігіттер болды. Сонымен, жалпы есеппен айтқанда, Мәскеуге 18 адам болып бардық. Бізге Алматының КТК ойыншыларының барлығы жәрдемдесті. Қазақстанның атынан тек біз ғана емес, сонымен қатар Ақтөбе, Ақтау, Орал, Алматы, Астана сияқты қалаларынан біршама топтар барды. Әркім өзін-өзін қорғауға кетті. Ал бірақ, бұл КТК-на бізден басқа бүкіл ТМД елдерінен 560-қа жуық топ жиналды. Сол 560 топтың ішінен ең бірінші деңгейлі топ болып есептелініп, біздің топ Жоғарғы лигага алынды.

- Шет елдерге жарысқа барғанда, біздің КТК мен өзгелердің КТК ойындарын салыстырып жүретін шығарсыздар? Және іздеріңізден еріп келе жатқан, осы КТК арқылы тез танымал болғысы келетін жастарға айтарыңыз бар ма?

- Ресейде сенің түріңе емес, ойыныңа қарайды. Егер өнеріңді дәлелдемесең, сені ешкім де бағаламайды. Егер де ойының мықты болса, онда сені де солай сыйлайды. Ал біз өз елімізге танымал болғанымызбен, әлемдік деңгейге көтерілу үшін, ең алдымен Ресейді бағындыруымыз керек. Өйткені, біз КТК-ын студенттік шағымыздан бастап көтеріп келеміз және оны өз орнымен биікке көтергіміз келеді. Сол үшін де, қазір тынбай еңбек етіп жүрміз. Ал енді, жастарға келер болсақ, біздің елде де ізімізді өкшелеп келе жатқан көңілді тапқырлар клубының ойыншылары өте көп. Егер де мұндай жас ойыншы тез танымал болғысы келсе, оны ешкім аяғынан байлап ұстап тұрған жоқ. Танымалдыққа тез жету - ол адамның өзіне байланысты. Адамның ойынына, еңбегіне байланысты халық өзі көргісі келетін адамын таңдап алады.

-Нұрдәулет, осы күні сізді «Әзіл студио» телебағдарламасынан жиі көретін болдық. «Әзіл студио» кімнің жобасы?

-Негізінде, «Әзіл студио» жобасының авторы, біздің әріптес жолдасымыз Нұрлан Қоянбаев. Оның идеясы бізге де ұнады. Әрине, алғашқы түсірілімдер кезінде біраз қиындықтардың туғаны рас. Себебі, «Әзіл студионың» режиссері Ресейден арнайы келген маман. Қанша тәжірибеміз болса да, қанша күштіміз деп жүргеніміздің өзі алғашында «Әзіл студионы» қолға алғанымызда біршама тосылып қалдық. Өйткені, әлгі ресейлік режиссерімізге біздің ойнаған ойынымыздың барлығы үнді фильмдері сияқты көрініпті. Себебі, ол біздің тілімізді түсінбейді, бірақ, қылығымызды көріп отыр. Бір түсіндіргені, «егер сен әзілді жүзбен жеткізіп тұрсаң, оған қосымша іс-қылықтардың қажеті қанша?» дейді. Мысалы, «сен шалдың бейнесінде тұрсаң, оған қоса шал болып сөйлеудің сонша қажеті не?» - деген сияқты, біраз ақыл-кеңес айтты. Ал, соның арқасында біраз нәрсе түзелді, керек емес кадрлар тазаланды. Ал қазір әдемі әзілдер де, әдемі түсірілімдер де болып жатыр. Көрермен халыққа да ұнап жатқан сияқты…

-Ал бірақ, бүгінде осы «Әзіл студиоға» көбірек көңіл бөліп, «Қызықстанды» естен шығарып алған жоқсыздар ма?

- Өзіміздің көңілде жүрген көптеген ой-жобаларымызды эфирге бекіттіріп, 2002 жылдан бастап, көрермен қауымға теледидардан «Шатақхана», «Қызық радиосы», «Тойбастар» сияқты бағдарламалардың бірінен кейін бірін шығардық. Сосын «Қызықстан» телебағдарламасын аштық. Бірақ, бұл жобаның жұмысы да өте күрделі. Ал, «Әзіл студио» екеуі екі бөлек жоба. «Әзіл студио» 31 арнадан көрсетілсе, «Қызықстан» «Ел арна» телеарнасынан көрсетіліп тұрады. Екеуінің сұранысы мен талабы екі бөлек. Әр жобаның өз көрермені бар. Сондықтан, сол талапқа сай жұмыс істеуге, бүгінде барымызды салып тырысып жатқан жағдайымыз бар. Сондықтан, «Қызықстанды» ұмытып кетті деуге, ешқандай негіз жоқ. Өйткені, біздің барлық жігіттеріміз қазір сол «Қызықстан» жобасында жұмыс істеп жүр.

-Бұл бағдарламаларға әзілдерді кім жазады?

-Әзілдердің барлығын өзіміздің КТК ойыншылары жазады. Ал, көпшілігі «әзіл жазу оңай іс» деп ойлайды. Бірақ, әзіл жазу оңай болса, онда бәрі жазбай ма?! Ал бізде, кадрға түсетін актерлар саны бесеу болса, «Әзіл студио» үшін таза әзіл жазумен айналысатын алты жігіт тағы бар. Бәріміз жабылып, әзіліміздің мықты болуын қадағалаймыз.

-Ал төлемақы жағынан қалай?

-«Әзіл студио» «З1» арнадан берілетін жоба болғандықтан, төлемақыны да «31» арна төлейді. Шыны керек, төлемақыны өте керемет деп айта алмаймын. Бірақ, өзің қанша жұмыс істесең, төлемақың да сол еңбегіңе қарай төленеді. Егер кадрға аз түссең аз аласың, көп түссең, онда көбірек аласың. Егер де сен еңбек етсең ол міндетті түрде көрініп тұрады. Және сол бойынша бағаланады.

-Сіздерге «Әзіл студионы» Ресейдің «6 кадров» атты жобасының көшірмесі деген сияқты әңгімелер айтылған да шығар…?

-Ия, ондай өсек-аяңдар болды. Бірақ біз «Әзіл студионы» «6 кадровпен» салыстырмаймыз. Өйткені, біз мұны 2002 жылдан бастап шығарғанбыз. Бірақ, ол кезде, біз түсірілім жағынан, әзіл жағынан әлсіздеу болдық. Себебі, не бар, соны киіп түсе саласың. Дәп сол уақыттары телеарнаға лайықты әдепті де келтіруді білмедік. Ал «6 кадровты» бізге ұқсастыратындығы, олар тек Ресейге ғана емес, бүкіл ТМД ға таратылады. Сондықтан, көрерменнің оларды бізге ұқсатуы заңды құбылыс.

-Әзілдің неше түрі болады?

-Әзіл әр түрлі болады. Киноның, сахнаның әзілі болады. Ал біздің қазақы әзілдер бар, ол тек қана бізге, қазақтарға ғана өте күлкілі. Мұндай әзіл халықтың менталитетіне сай болу керек.

-Тойға жиі шығасыздар ма?

-Тойға да шығып тұрамыз. Себебі, адам бір орнында тұрмау керек. Ал тойдың - өз әзілі бар. Тойда өте күлкілі мысалы құдағи, қайын ата, сіңілі кісілерге көбірек әзілдер айтылады. Ал мен осындай тойға шыққаннан гөрі, теледидардағы жұмысты көбірек жақсы көремін. Себебі, тойдағы жеңіл жұмысқа қарағанда, теледидардағы қара жұмыс пайдалырақ, өзіңнің күшіңді көріп тұрасың. Ал той адамға үлкен демалыс.

-Ал тойға шыққандағы ақыларыңыз қандай?

- Ол жағын айтпай-ақ қояйыншы. Себебі, біз кейбір кездері тегін де бара саламыз. Ал кей жерлерде той иесінің әлеуметтік жағдайына байланысты бағасына келісеміз.

-Нұрдәулет, сіз өзіңіздің есіміңізді интонация арқылы ерекше жеткізіп айтасыз. Және де бұл солай қалыптасып та қалды. Қазір сіз жайлы сұраса, бірден «Нұрда-а-улет» деп созып айтады. Бұл сіздің көп ішінде даралансам деген ойыңыз ба?

-Басында, достар арасында өзім жай әзілдеп жүретінмін. Достарым «Ооо, Нұрд-а-а-у-лет келе жатыр» десе, мен де олардың айтқан сөзіне қарай жүріп, оған барлығымыз күліп, кәдімгідей студенттік өмір болды. Бір жағынан қызық болды. Сосын, «Қызық радио» бағдарламасына түскен кезде қызық болсын деп өз-өзімді солай атап жүргенде, өз атым өзімнен де атақты болып кетті (күліп). Сосын мынандай қызық болған. Бір кәрі апаға немересі: «Апа, апа, мынаны көріңізші» дегенде, апасы «Кәне» деп теледидарға қарамай ма! Сөйтсе, мені көріп: «Е-е-е, бұл Нұрд-а-а-у-лет қой» деген екен (күліп)…

-Көпшілік қауым сахнадағы, теледидардағы көрген өнер адамдарын қалталы деп есептейді…?

-Біздің қалтамыз өзіміздің уақытымызға, заманымызыға сай деп есептеймін. Өйткені, біз 17-18 жасар бала емеспіз. Біз ол уақыттан да өттік. Магистратураны да бітірдім, төрт диплом иесімін. Әр жылдарымның өзіндік қилы жолдары болды. Бір жерде күлсем, бір жерде жылаған күндерім болды.

-Көзге түсіп жүрген өнерлі жастардың алды болғаннан кейін, сіздерге киноға түсуге ұсыныстар жасайтындар да көп шығар?

-Ұсыныстар түсті. Бірақ, мен сценарийді оқимын да, өз-өзімді аяймын. Өйткені, сценариі нашар киноға түсіп, өз дәрежемді етекке түсіргім келмейді. Жақсы, идеалды киноға түскім келеді. Ондай киноға түссем, мен де бар күшімді салар едім. Бірақ Аллаһ қаласа, жақында өзіміз де комедиялық фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Комедияны түсіру өте қиын. Мысалы, былтыр, Ресейдің КТК чемпиондары «Самый лучший фильм» атты кино түсірді. Бірақ, ол кино өздері ойлағандай мықты бола алмай қалды. Сол себепті, біз жат нәрселерде аулақ болып, халықтың санасына жақынырақ кино түсіргіміз келеді. Жастардың арасында бізге еліктейтіндері де бар. Мысалы, мен темекі шексем, оны көрген басқа бір інішек: «Мәссаған, бұл да темекі шегеді екен ғой, онда біз де темекі шеге берсек болады ғой» деп ойлауы мүмкін. Сондықтан, біз тек экранда ғана емес, экраннан тыс өмірде де үнемі таза, сыпайы жүруге тырысамыз.

-КВН деген орыс тілінде «Клуб веселых и находчивых», ал қазақша КТК - «Көңілді тапқырлар клубы». Сіздерге осы КВН-ді қазақшалау жайлы ой келмей ме?

-Егер КВН-ді біз ойлап тапқан болсақ, онда өзіміздің мүмкін басқаша атауымызды қояр едік. Ал оны бұрмалау деген дұрыс емес. Алайда, оның негізін біз ойлап тапқан жоқпыз. Мұны ескергеніміз жөн.

-Балалық шағыңыз қалай өтті?

-Менің балалық шағым өте қиын тұрмыста өтті. Сондықтан, жастайымнан жұмыс істедім. Жұмыс болғанда да сол кездегі қолымнан келгені, қара жұмыс істедім. Өйткені, отбасылық жағдайымыз өте қиын болды. Дәп сол уақыттарда басқа таңдауым болмағандықтан, менің алдымда тығырықтан шығарар жалғыз жол болды. Ол - тек қана жұмыс, жұмыс және жұмыс еді.

-Қай жердің ұланысыз?

-Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Рабат ауылында 1979 жылы 11 қарашада дүниеге келдім. Әкемнің аты - Серік, ал анамның есімі- Жәмилә.Отбасындағы үйдің үлкені менмін. Менен кейін Жадыра, Мөлдір, Жазира есімді қарындастарым, Нұржан атты інім бар. Қазір қарындасымның үшеуі де тұрмыста. Мен де отбасылымын. Жарымның есімі - Гүлнұр.

-Асханада қандайсыз?

-Мен асханада өте талғампазбын, тамақты таңдап жеймін. Теңіз өнімдерін онша ұнатпаймын. Тамақ жасауда аса шебер болмасам да, кезінде өзім үшін үйренген кейбір тағам түрлерінің жасалу жолын білемін. Бірақ, қазір отбасымда тамақты тек жұбайым жасайды.

-Хоббиіңіз бар ма?

-Мен өзімнің жұмысыма өзім фанатпын. Себебі, өзімнің қазіргі жұмысым өзіме қатты ұнайды. Өйткені, жұмыстан кейін қатты шаршап ұйықтайсың. «Егер теңгем аз десең, онда көп жұмыс істе!» деп, үнемі өзімді еңбекке қайрап отырамын. Көп жұмыс істесең көп табасың, аз істесең, аз ақша табасың, көп қыдырып жүрсең, жүріп қаласың, тыныш болып жүрсең тыныш болып қаласың, бәрі де адамның өзіне байланысты.

-Көбінесе, жұмыс барысында рөл үшін образдарға кіріп, ойнайсыз. Ал өмірде, ең болмаса тығырықтан шығу үшін ойнайтын кездеріңіз болды ма?

-Ия, болды. Мысалы, жол ережесін бұзып қойған жағдайда МАИ қызметкерінің алдында актер боласың. Немесе бастықтарға кіргенде, сол бастықтардың хатшыларының алдында актер боласың, әзіл менің қаруым болады. Сосын студент кезімде де, емтихан тапсыру үшін, мұғалімнің алдында ойнайтын кездерім болды. Өйткені, мұғалімді сендіру қиын. Мұғалім деген психолог қой. Ол сені оймен-ақ жеп қояды. Сен «Сәлеметсіз бе!» дегенде, ол қатал үнмен бір қарасын болды, студент тура сол жерде өшіп қалады. Егер мұғалім қатал болса, оны жұмсарту үшін, оның жанды жерін іздейсің. Қарап отырсаңыз, әзілдің өзі өмірлік жағдайлардан алынатын құпия сыр екен.

-Ең жақсы көретін мақалыңыз қандай?

-«Қой дегенде қоймаған, қой дегенге зар болады».

-Ал, қулыққа жақынсыз ба?

- Жоқ, жақын емеспін. Мысалы, кейбіреулер сахнаға қызып шығады. Ал бізде ондай жоқ. Себебі, қызған адамның басы дер кезінде дұрыс ойлай алмайды.

-Өтірік көп айтасыз ба?

-Ол жағдайына байланысты. Зиянсыз өтірікті керек кезінде қолданамын.

-Дінге көзқарасыңыз қандай?

- Аллаһқа шүкір, дінім - Ислам. Дініме көзқарасым өте түзу.

-Өнер адамдарының арасында қызғаныш басым болады дейді. Ал сіздің әріптестеріңіздің арасында бәсекелестік бар ма?

-Бізде ешқандай бәсекелестік жоқ. Біз бір-бірімізден өнерімізді қызғанбаймыз да. Әркім өз өнерін жоғары бағалайды.

-Қарбалас жұмыстың ішінде жанұяңызға көңіл бөле алмай қалатын кездеріңіз болады ма?

Ақша табу оңай емес. Адам жұмыс істеген сайын, алға ұмтылады. Адам жұмыс істегенде тіпті денсаулығын да ұмытып кетеді. Ал үйде жатсаң, «ана жерім ауырды, мына жерім ауырып жатыр» деп, ауыратын жерлеріңнің барлығы өзіңе білініп қалады. Ал енді, мен өзімнің отбасымды ең үлгілі жанұялардың бірі деп есептеймін. Өзім солай ойлаймын. Себебі, менің жанұям тура кәріс сериалдарындағыдай. Өте тату-тәтті, мәдениетті, әдепті тұрамыз. Шаңырағымызда ешқашан ұрыс шығармауға әбден дағдыланғанбыз. Мен өз бала-шағамды да сондай әдептілікке баулимын.

-Өмірде мінезіңіз қандай?

-Анам, қарындастарым кейде маған: «Сенің түрің ылғи суық тартып тұрады, өнер адамдарының жүзі жылы болады ғой…», деп ескертеді. Дегенмен, мені өмір шыңдаған шығар. Ал бірақ кейде, маған көкірек сияқты көрінесің дейтіндер де аз емес. Бірақ, мен өзімді көкірекпін деп санамаймын. Өмірде, барынша сабырлы болуға тырысамын. Шошаңдап, жас балалар сияқты да жүре алмаймын.

-Бала кезіңізде кім болуды армандаушы едіңіз?

-Осыған байланысты бала кезімде бірінші сыныпта оқып жүргенімде бір қызық оқиға болған. Мен мектепте алтыншы сыныпқа дейін орыс сыныбында оқыдым. Ол уақытта Кеңес Үкіметінің кезі, бір ауылда әр түрлі ұлт өкілдері тұратын. Мектепте бізге: «ертең сендердің болашақта қандай маман болатындарыңды сұраймыз» деп айтты. Содан, сол күні кеш батты. Сағат түнгі оннан асты. Сол кезде мен ұйықтамадым ба, әйтеуір, әкем маған «Әй, балам, тыныш! Министр сөйлеп жатыр» деді. Мен ол кезде министрдің кім екенін білген де жоқпын. Содан, ертеңіне мектепке бардық. Мұғалім бәріміздің болашақта кім болғымыз келетінін сұрай бастады. Біреуі космонавт, екіншісі дәрігер, енді біреуі мұғалім боламын деп айтып жатты. Сосын мен «Министр боламын!» дегенімде, мұғалім қайтадан «Кім…? кім дейсің?» деп сұрады. Мен: «Министр!» дедім. «Қалай дейсің? Қайталашы?» деді. Мен тағы да «Министр боламын!» дедім. Мұғалім сол кезде: «міне, нағыз адам болатын адам!» деп, мені мақтай бастады. Сол кезден бастап мұғалімнің маған деген көзқарасы мүлдем өзгеріп кетті. Осылайша, бала кезімде министр боламын десем де, есейген соң, өнердің ортасында жүремін деп ойламаппын (жымиып).

-Кітап оқисыз ба?

-Шыны керек, менің кітап оқуға мүлдем уақытым жоқ. Тіпті, теледидардың өзін дұрыс отырып көре алмаймын. Себебі, жұмыс істемесең, ешкім саған дайын нәрсені әкеліп бермейді. Бірақ, барлығының да жақсы өмір сүргісі келеді. Ал жақсы өмір сүру үшін еңбек керек. Жалғыз сен ғана жақсы өмір сүріп, ал қалған жанұяңның жағдайы төмен болса, сен де көтеріле алмайсың, ол өте қиын. Сол себептен барлығын да бірдей дәрежеде ұстап жүру үшін, үш-төрт есе күшіңді тағы да жұмысқа арнауың керек. Мысалы, мен үйге жұмыстан таңғы сағат төртте келсем де, екі сағаттан кейін, сағат алтыда басталатын жұмысыма міндетті түрде кешікпей барамын. Өйткені, жауапкершіліктен ауытқып: «Менің ұйқым қанған жоқ, тұрғым келмейді» деп жата алмаймын. «Маған тұру керек. Жұмысқа бару керек. Еңбек ету керек!» Қай жерде де мен өзімді осындай мақсатпен қамшылап, бар күшімді салып еңбек етемін. Өйткені, «Еңбек алды -ырыс». Сіз өзіңізді-өзіңіз «қаражатпен қамтамасыз еттім» дегенде ғана, сіздің отбасыңыз ешкімге жалтақтамай өмір сүреді, сізге сене бастайды, айтқан сөзіңізді ықыласпен тыңдайды. Нағыз өмірдің өзі де осындай, кітап сияқты.

- Жаңа бір сөзіңізде төрт мамандығым бар деп қалдыңыз. Соның барлығы да өнерге қатысты дипломдар ма?

-Жоқ, барлығы да өнерге қатысты деп айта алмаймын. Бірақ, өнерге қатысты режиссура мамандығын меңгергенмін. Сосын, 1994 жылы колледжде экономист-бухгалтер мамандығын оқыдым және «Кедендік іс» бойынша да арнайы жоғары білім алдым. Ал кейіннен, «Халықаралық экономикалық байланыс» мамандығының магистратурасын бітірдім. «Мұның бәрі неге керек?» деп ойланып та отырған шығарсыз. Бірақ мен, шынымды айтсам, өзімді-өзім іздедім. Білім саласында көп іздендім. Студент болып жүргенімде де өзімнің өмір сүру қағидам болды. Мысалы, сабақ оқымасам да, күніге сабаққа келемін, оның өзі жақсы. Ал сабаққа келмей жүрсем, келген бетте тоқтамай сабақ айта бастайтынмын. Өйткені, ешқашан, біреудің алдында қызарып тұрғым келмейтін. Ал, сессия дегеннен мүлдем қорықпайтынмын. Керісінше, сессия мен үшін керемет кезең болатын.

-«Жұлдызбен сырласу» журналына тілегіңіз?

-Журналдарыңыз өркендеп, оқырмандарыңыз көбейе берсін! Әрдайым тек қана биіктерден көріне беріңіздер!

-Сыр-сұхбатыңызға үлкен рахмет!

Салтанат АСАНҚЫЗЫ

«Жұлдызбен сырласу» журналынан
Просмотров: 736 | Добавил: Fucker | Теги: Нұрдәулет ШЕРТІМ: «Өз атым өзімнен | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]